Еуро-2024 турнирінің ширек финалында Түркия мен Нидерланд құрамалары кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Қос команда Берлин қаласындағы "Олимпиаштадион" алаңында кездесіп, Нидерланд құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойын есебін Түркия құрамасы ашты. Матчтың 35-минутында қорғаушы Самет Акайдын гол соғып, түріктерді алға шығарды.
Нидерланд құрамасы екінші таймда нәтижелі ойынымен көзге түсті. Матчтың 70-минутында Нидерланд құрамасының қорғаушысы Стефан Де Врей есепті теңестірді. Ал ойынның 76-минутында түрік қорғаушысы Мерт Мюлдюр өз қақпасына гол соғып алып, Нидерланд құрамасы 2:1 есебімен алға шықты.
Ойын соңына дейін осы есеп сақталып, Нидерланд құрамасы Еуропа біріншілігінің жартылай финалына жолдама алды.
Нидерланд құрамасы жартылай финалда Англиямен кездеседі. Англия құрамасы ширек финалда Швейцария құрамасын пенальти сериясында жеңген болатын.
Айта кетейік, Германияда өтіп жатқан Еуропа біріншілігінің жартылай финалдық ойындары 9, 10 шілде күндері өтсе, ақтық сын 14 шілдеде болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2130195-euro-2024-niderland-quramasy-tartysqa-toly-oiynda-zhengisti-zhulyp-aldy/