Футболдан Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямаль 2024 жылғы Еуропа чемпионатында Франция құрамасына қарсы ойында рекорд орнатты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Испания мен Франция құрамалары турнирдің жартылай финалында кездесті. Ойынның 9-минутында Франция ұлттық құрамасының ойыншысы Коло Муани гол соғады. Ал матчтың 21-минутында Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жас футболшы Ламин Ямаль гол соғып, есепті теңестіреді.
Форвард айып алаңының сыртында допты қабылдап, сол аяғымен алыс бұрышқа соққы жасады. Доп бағанаға тиіп барып қақпа төрінен табылды.
Осылайша ол Еуропа чемпионаттары тарихындағы гол соққан ең жас ойыншы атанды. Оның жасы 16-да. Бұған дейінгі бұл жетістік Еуро-2004 турнирінде 18 жасында көзге түскен швейцариялық Йохан Вонлантенге тиесілі болды.
Биылғы турнирдің басында Ямал Еуропа чемпионатында ойнап, нәтижелі пас берген ең жас футболшы болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2131323-ispaniialyq-vunderkind-europa-birinshiligi-tarihynda-gol-soqqan-eng-zhas-oiynshy-atandy-video/