Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ордабасының" Конференция лигасындағы тағдыры пенальти сериясында шешілді

Жарияланған күні:

"Ордабасы" ойыншысы Бауыржан Исламхан
"Ордабасы" ойыншысы Бауыржан Исламхан. Фото: instagram.com/fc__ordabasy

Шымкенттік "Ордабасы" футбол клубы УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Люксембургтің "Дифферданж" клубына қарсы қарымта кездесу өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтті. Ойынның 2-минутында "Дифферданж" сапынан Трани Гийом есеп ашты. Кейін оның командаласы Тео Бруско (24-минутта) өз қақпасына гол соғып алды.

Екінші таймда "Ордабасы" командасы Асхат Тағыбергеннің голымен (55-минутта) алға шыққан еді. Бірақ 59-минутта қарсылас команданың ойыншысы Жоржиньо есепті теңестірді. Десе де шымкенттік команданың футболшысы Всеволод Садовский мергендік танытып (82-минутта), командасын есепте қайтадан алға шығарды. Негізгі уақыт 3:2 есебімен аяқталды.

Екі команда арасындағы алғашқы ойында "Дифферданж" ұжымы 0:1 есебімен басым түскен еді. Қос матчтың қорытындысы бойынша жалпы есеп тең болғандықтан, қарымта ойын экстра-таймға ұласты. Бұл кезеңде екі команда да бір голдан соғып, жеңімпаз анықталмағандықтан, кездесу пенальти сериясына ұласты.

Пенальтиде "Ордабасы" командасы 4:3 есебімен басым түсіп, Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2143363-ordabasynyng-konferentsiia-ligasyndagy-tagdyry-penalti-seriiasynda-sheshildi/