Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен 12 жаста едім": футболшы Нұралы Әліп ата-анасынан айырылған кезін еске алды (видео)

Жарияланған күні:

Нұралы Әліп
Нұралы Әліп. Фото: Mike Kireev/NurPhoto via Getty Images

Футболдан Қазақстан құрамасының және ресейлік "Зенит" командасының қорғаушысы Нұралы Әліп балалық шағындағы қайғылы жағдай туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Нұралы Әліптің әкесі 10 жасында ауыр сырқаттан қайтыс болған, ал екі жылдан кейін анасы жүрек талмасынан көз жұмды. Ата-анасынан айырылған соң, Нұралыны ағасы мен жеңгесі өз қамқорлығына алған.

"Зенит" футбол клубының Youtube желісіндегі подкастында Нұралы Әліп әкесінің өзіне айтқан соңғы сөзін еске алды.

"Бірде турнирден келіп, анамнан: "Әкем қалай?" деп сұрадым. Ол ауруханада екенін айтты. Бір апта бойы ауруханада жатты, бірақ мен оған бармадым, себебі әкемді әлсіз күйде көргім келмеді. Ол маған әрқашан: "Ер жігіт бол, ештеңеден қорықпа", - дейтін.

Әкем Алматыға ота жасауға барар алдында мені шақырды. Біз бірге төменге түстік, сол кезде әкем қолымды ұстап: "Бәрі жақсы болады, ер жігіт бол. Ешқашан ештеңеден қорықпа", - деді. Бұл әкемнің маған айтқан соңғы сөзі еді.

Өкінішке қарай, түнде әкемнен айырылдық. Таңертең қонақтар келе бастады, мен ол кезде әкемнің қайтыс болғанын түсінбедім. Келесі 2012 жылы анам да дүниеден өтті. Сол кезде мен 12 жаста едім. Таңғы сағат 5-те жаттығуға кетіп қалдым, өйткені жылап отырған адамдарды көруге жүрегім шыдамады", - деп еске алды Нұралы Әліп.

15 жасында Нұралы Әліп туған жері Ақтаудан кетіп, "Қайрат" академиясына оқуға түседі. 17 жасында ол "Қайраттың" негізгі командасында дебютін жасайды, ал 18 жасында футболдан Қазақстан құрамасында алғашқы ойынын өткізді.

Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Нұралы Әліп "Зенит" клубына 2022 жылдың басында ауысып келді. Клуб сапында ол 61 ойынға қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2149845-men-12-zhasta-edim-futbolshy-nuraly-alip-ata-anasynan-aiyrylgan-kezin-eske-aldy-video/