Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда футбол төрешісі соққыға жығылған: ҚФФ ресми мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Футбол добы
Футбол добы. Көрнекі фото: pexels.com

Алматыда футбол матчы кезінде төреші соққыға жығылған. Бұл оқиғаға қатысты Қазақстан футбол федерациясының сайтында ресми мәлімдеме жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Федерацияның мәліметінше, 2024 жылдың 17 тамызында Алматы қаласында Алматы облыстық футбол қауымдастығының ұйымдастыруымен "Пионер" және "Эрик-Сон" әуесқой футбол клубтары арасында матч өткен. Екінші таймның соңына қарай "Пионер" футбол клубының ойыншысы ойын ережесін өрескел бұзып, айып соққысы белгіленді. Алайда "Пионер" футбол клубының ойыншысы Әлихан Тілеков төрешінің шешімімен келіспей, қорлайтын сөздер айтып қоқан-лоқы көрсете бастады. Соның салдарынан ойыншыға қызыл қағаз көрсетілді.

Қызыл қағаз алған ойыншы Әлихан Тілеков төрешіге жұдырығын ала жүгірген, алайда ойынның ресми тұлғасы трибуна жаққа қарай қашып құтылды және ойынның аяқталғаны жөнінде ысқырық шалды. Әрі қарай "Пионер" ФК ойыншылары №23 Тілеуберді Тәліп, №21 Тілеков Әлихан және команда демеушісі Абдиев Айдос төрешінің соңынан трибунаға көтеріліп, соққының астына алған.

"Куәгерлердің айтуы бойынша "Пионер" ФК ойыншылары жедел-жәрдем келгенше, тағы да төрешіге қоқан-лоқы жасаған. Әрі қарай төреші ауруханаға келген полиция қызметкеріне өзінің құлап қалғанын айтып, ешкімге айып тақпайтыны туралы видеоүндеу жасауға мәжбүр болады. Дәрігерлер төрешінің басы сүйегі мен қабырғасынан жарақат алғанын, сонымен қатар миы шайқалғанын анықтады. Мұның барлығы тиісті құжатта көрсетілген", - делінген федерация мәлімдемесінде.

2024 жылдың 19 тамызында Алматы облыстық футбол федерациясының Тәртіп сақтау комитеті "Пионер" ФК командасының барлық жарыстан шығарылғанын хабарлады. Сонымен қатар облыстық футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыстардың барлығынан Тілеуберді Т., Тілекова Ә. және Абдиев А. өмір бойы шеттетілді.

Қазіргі уақытта Алматы облыстық футбол федерациясы бұл санкциялардың республикалық ауқымда қабылданған көтеріп отыр, сол себепті Қазақстан футбол федерациясында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазақстан футбол федерациясындағы мәліметке сәйкес, қазіргі таңда бұл дерек бойынша тиісті тергеу ісі қозғалған. Алайда төреші мен оның отбасының айтуынша, тергеу аясында Алматы қаласының ықпалды тұлғалары төрешіге қысым көрсетуге тырысып жатыр.

"Қазақстан футбол федерациясы осы оқиғаның ел футболының халықаралық аренадаға абыройына нұқсан келтіріп, елімізде қабылданған бұқаралы спортты дамыту бағдарламасына сызат түсіретін мәлімдейді. Федерация өз тарапынан жауапты тұлғалардың заңды түрде тиісті жазаларын алу үшін барлық шаралдарды қабылдайды", - делінген ҚФФ хабарында.

Сондай-ақ федерация мәлімдемесінде "Пионер" ФК командасының ойыншылары үшін күш қолдану дерегі алғаш рет болып отырмағаны, 2023 жылы команданың үш ойыншысы Астана футбол лигасы ұйымдастыратын жарыстардан өмір бойы шеттетілгені жазылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2152483-almatyda-futbol-toreshisi-soqqyga-zhygylgan-qff-resmi-malimdeme-zhasady/