Футзалдан Қазақстан құрамасы Өзбекстандағы әлем чемпионатының топтың кезеңі аясында Ливияға қарсы ойнап, жеңіске жетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
D тобындағы екі құрама арасындағы матч 4:1 есебімен аяқталды. Қазақстан командасы сапынан Ақжол Дәрібай (15-минутта), Біржан Оразов (17), Жахангир Рашит (18) және Альберт Ақбалықов (35) гол салды. Ал Ливия құрамынан 17-минутта Мохамед Хамис мергендік танытты.
Осылайша Қазақстан құрамасы D тобында 4 ұпаймен көш бастады. Енді қазақстандық футзалшылар 21 қыркүйекте Жаңа Зеландия командасымен кездеседі.
Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын Испанияға қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді. Бұл матчта қазақстандық ойыншы Біржан Оразов жылдам гол соғып, тарихи нәтиже тіркеді.
Айта кетейік, 6 қазанға дейін болатын футзалдан әлем чемпионатына алты топқа бөлінген 24 команда қатысып жатыр. Әр топта үздік атанған 2 құрама плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады. Сонымен бірге әр топта үшінші орын алған құрамалар арасында үздік атанған 4 команда да келесі кезеңге өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2163055-futzaldan-qazaqstan-quramasy-alem-chempionatynda-liviia-komandasyn-zhengdi/