Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев команданың қазіргі ойыны мен бас бапкер Станислав Черчесовтің жұмысы туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Championat.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен Қазақстан құрамасына әлі де жанкүйермін. Мен үшін бұл өте жаныма жақын команда. Біз футбол федерациясының президентімен сөйлескенбіз, менің ұстанымым сол кезден бері өзгеріссіз: Ұлттар лигасы арқылы әлем чемпионатының іріктеуіне құраманы дайындау керек. Иә, команданың қазіргі нәтижесі көңіл көншітпейді, бірақ қайта құру кезеңі жүріп жатыр, сондықтан бұл қалыпты құбылыс", - деді Магомед Адиев.
Оның айтуынша, қазіргі сәтсіздіктер қалыпты жағдай, себебі команда жаңа жүйеге бейімделіп жатыр. Ең бастысы, алдағы әлем чемпионатының іріктеуіне дайындықты бастау қажет, ал Черчесовтің тәжірибесі мен білімі бұл үдерісте маңызды рөл атқаратынына сенімді.
"Черчесов өте білікті жаттықтырушы, егер мен әлі де құрамамен жұмыс істеп жүрген болсам, мен де дәл осындай дайындық жұмыстарын жүргізер едім. Әлем чемпионатына дейін уақыт бар, бірақ келесі жылы футболшылардың, әсіресе құраманың көшбасшыларының қандай формада болатыны әлі белгісіз. Черчесов осы қиын матчтар арқылы Қазақстанды іріктеуге дайындауда", - деді Магомед Адиев.
Кеше, 13 қазанда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 4-туры аясында Словенияға қарсы кездесу өткізді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матчта Қазақстан құрамасы 0:1 есебімен жеңіліс тапты.
Бұл матчты Магомед Адиев те стадионнан тамашалаған болатын.
Айта кетейік, Магомед Адиев футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын 2022 жылдың сәуірінен 2024 жылдың мамырына дейін баптады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2173779-natizhe-kongil-konshitpeidi-ulttyq-quramanyng-buryngy-bas-bapkeri-komandanyng-oiyny-turaly-pikir-bildirdi/