Қостанайлық "Тобыл" футбол клубы Қазақстан премьер-лигасының 25-турында елордалық "Астана" командасын ұтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қостанайдағы "Тобыл Аренада" өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Алғашқы 45 минутта екі команда да гол соға алған жоқ. Ал екінші таймда "Тобыл" сапынан Игорь Иванович (51-минутта) мергендік танытты.
Осылайша қостанайлық команда 39 ұпаймен ҚПЛ кестесінде 4-орынға көтерілді. Ал 43 ұпайы бар "Астана" көш басына шыға алмай, екінші орында қалды. Қазір кестеде алматылық "Қайрат" бірінші орында тұр (44 ұпай).
Айта кетейік, футболдан Қазақстан чемпионы 10 қарашада өтетін соңғы, 26-турда анықталады. Бұл күні "Атырау – Қайрат", "Астана – Жетісу", "Қайсар – Тобыл", "Ақтөбе – Тұран", "Ордабасы – Елімай", "Жеңіс – Қызылжар" мачтары болады.
Өткен жылы шымкенттік "Ордабасы" қарағандылық "Шахтерді" жеңіп, өз тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2182314-tobyl-futbol-kluby-qazaqstan-chempionaty-matchynda-astana-komandasyn-zhengdi/