Футболдан Қазақстан құрамасының (U19) жартылай қорғаушысы Ілияс Әбіл Португалия ұлттық чемпионатында (U19) гол соқты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
18 жастағы Ілияс Әбіл португалиялық "Жил Висенте" футбол клубының жастар құрамасы сапында ойнайды. Оның құрамасы чемпионат аясында "Витория Гимарайнш" ұжымына қарсы матч өткізді. Кездесу 3:1 есебімен "Жил Висентенің" пайдасына шешілді.
Ойынның 21-минутында "Виктория" ойыншысы Родриго Нето есеп ашты. "Жил Висенте" cапынан бірінші қарымта голды Франсиско Брас (44) соқты. Ал кезекті голды 84-минутта өз мүмкіндігін сәтті пайдаланған Ілияс Әбіл салды. Кейін оның командаласы Гильерме Белеза мергендік танытты (90+5).
Осылайша "Жил Висенте" командасы 19 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы Португалия ұлттық чемпионатындағы бірінші орнын сақтап қалды.
Айта кетейік, "Ертіс" футбол клубының түлегі Ілияс Әбіл биыл ақпанда "Жил Висентемен" келісімшартқа отырған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2182467-18-zhastagy-qazaqstandyq-futbolshy-portugaliialyq-komandaga-zhengis-syilady/