Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Самат Смақов: Легионерден бас тартсақ Қазақстан чемпионатының жағдайы қиындайды

Жарияланған күні:

Самат Смақов пен Роналду
Самат Смақов пен Роналду. Фото: instagram/kff_team

Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы Самат Смақов отандық футболдағы легионерлер және өзге елдерде ойнап жүрген қазақстандық ойыншылар туралы пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, соңғы күндері легионерлерді қаржыландыруды тоқтату мәселесі заң жобасы аясында шешіліп жатыр. Осы орайда Самат Смақов шетелдік футболшылардың саны азайса ішкі чемпионаттың деңгейі әлсірейді деді.

"Легионерлерді қаржыландыру тоқтатылса, онда бізде легионер қалмайды деген сөз. ҚПЛ-дағы өз орындарын сақтап қалуға күресіп жатқан клубтарға ешкім ақша бермейді, оларда онсыз да демеуші жоқ. Алғашқы орында тұрған клубтар өйтіп-бүйтіп демеуші табуы мүмкін, ал басқаларының халі мүшкіл. Яғни деңгей мүлде алшақтап кетеді. Өзіміз де сол деңгейі жоғары легионерлерге, аға буынға қарап өстік, үйрендік, жастар да дәл солай. 

Біздің чемпионаттың деңгейі онсыз да төмен, легионерлерсіз жағдай тіпті қиындап кетеді. Сондықтан бұл жерде ортақ шешім қабылдануы керек деп ойлаймын. Мүмкін лимит енгізу керек шығар. Бастысы, өз елдерінде ешкімге керек болмай қалған, бәсекеге қабілетсіз легионерлерді емес, шынымен де мықтыларды шақырту қажет. Шетелдік ойыншыны алып келсек, онда оның деңгейі біздің футболшылардан бір бас жоғары болуы қажет.

Өзім Ресей мен Түркияда легионер болып көрдім. Ол жақта талап өте жоғары, сен жергілікті футболшыларға қарағанда екі есе сұраласың. Ал бізде екінші алтылықтағы клубтардың көбісінде деңгейі төмен легионерлер аз емес. Олар біздің футболшылардың орнын иеленіп қана жүр. Бапкер оны амалсыз шығарады, себебі басшылық қыруар қаржыға сатып алынған шетелдіктің неге алаңда ойнамайтынын сұрайды. Міне легионерлердің деңгейіне қатысты мәселені шұғыл шешу керек", - деді Самат Смақов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында екі матч өткізеді. 14 қарашада Станислав Черчесовтың командасы Аустриямен кездеседі. Ойын Алматының Орталық стадионында өтеді. Басталуы 20:00-де.  Үш күннен кейін біздің команда Норвегияға қарсы сырт алаңда матч өткізеді. Ойын Осло қаласында "Уллеволь" стадионында өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 22:00-де.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2184438-samat-smaqov-legionerden-bas-tartsaq-qazaqstan-chempionatynyng-zhagdaiy-qiyndaidy/