УЕФА Ұлттар лигасының биылғы маусымында ширек финалға жолдама алған командалар тізімі белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 жылғы маусымының ширек финалында А лигасының әр тобынан үздік шыққан екі команда бақ сынайды.
Топтық кезең қорытындысы бойынша ширек финалға шыққан құрамалар: Португалия, Хорватия, Франция, Италия, Германия, Нидерланд, Испания, Дания.
Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне жеребе 22 қарашада Швейцарияның Ньон қаласында өтеді.
Ширек финалдық кездесулер 2025 жылдың 20 және 23 наурызында өтсе, жартылай финалдар 4 және 5 маусымға жоспарланған. Ал үшінші орын үшін матч пен финал 8 маусымда өтеді.
Айта кетейік, УЕФА Ұлттар лигасының өткен маусымында Испания құрамасы топ жарып, чемпион атанған болатын.
Сондай-ақ футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы Ұлттар лигасының В дивизионында бақ сынаған. Бір топта Норвегия, Аустрия, Словения құрамаларымен шеберлік байқасқан Қазақстан құрамасы 1 ұпаймен соңғы орынға жайғасқан болатын.
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымында 5 мәрте жеңіліс тауып, 1 тең нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейін Станислав Черчесов шәкірттері Норвегиямен алғашқы матчта тең ойнаса (0:0), екінші матчта ірі есеппен жеңілді (0:5). Аустрияға қарсы екі ойында да жеңіліс тапты (0:4, 0:2) және Словенияға екі рет есе жіберді (0:3, 0:1).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2189265-uefa-ulttar-ligasynyng-shirek-finalyna-shyqqan-quramalar-tizimi-belgili-boldy/