Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев қазір команда тізгінін ұстап отырған Станислав Черчесовтің сөзі көңіліне тигенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ РИА Новости Спорт порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан құрамасы Станислав Черчесовтің жетекшілігімен Ұлттар лигасының жаңа маусымында 6 ойын өткізіп, 5 рет жеңілді және 1 мәрте қарсыласпен тең ойнады. Топтық кезеңдегі соңғы матчта ұлттық құрама Норвегиядан 5:0 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Ойыннан кейін Черчесов "мен келгенге дейін құрама қараусыз болды" деді. Қазақстан командасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев оның бұл сөзіне пікір білдірді.
"Қазақстан құрамасы бірде-бір гол соға алған жоқ. Бұл әрине, көңіл көншітпейді. Станислав Черчесов бапкер болып келгенде көп үміт күттірген, яғни жұрт оның нәтижесі менің нәтижемнен жақсы болады деп сенді. Алайда, бәрі күткендей болмады. Қарсыластар мықты болғаны түсінікті. Бірақ, мықты қарсыласпен ойнайтын кезде жақсы ойын тәсілін ойлап табуың керек. Мен бас бапкер болған кезде де қарсыластарымыз осал болған жоқ.
Мен Станислав Саламұлын құрметтеймін. Бірақ оның қараусыз қалған команда туралы айтқан сөзі менің көңіліме тиіп кетті. Оның пікірінше, мен және федерация ол келгенге дейін мүлдем жұмыс істемегенбіз ғой?! Әрине, бұл оның жеке пікірі. Бірақ, біз Әділет Барменқұловпен бірге кейінгі екі жылда айтарлықтай жақсы нәтиже көрсеттік.
Қалай болғанда да, мен Қазақстан құрамасына бұдан кейін де жанкүйер боламын. Черчесов команданы жеңістерге жетелесе екен деп тілеймін. Егер оның жетістігі менің жетістіктерімнен асып түссе мен тек қана қуанамын", - деді Адиев.
Айта кетейік, Магомед Адиев 2022 жылдан 2024 жылдың мамырына дейін футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен Ұлттық құрама Еуро-2024 турниріне іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2189279-cherchesovting-sozi-kongilime-tidi-magomed-adiev-qazaqstan-quramasynyng-bas-bapkerine-renishin-bildirdi/