Алматылық "Қайрат" футбол клубының түлегі Дастан Сәтпаев осы аптада Лондонға аттанып, жергілікті "Челси" академиясында қаралымнан өтуі мүмкін. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздің мәліметінше, 16 жастағы Дастан Сәтпаевтың Лондондағы қаралымнан кейін академияға қабылдану немесе басқа клубтарға ауысу мәселесі шешілмек. Сондай-ақ қазақстандық футболшының Еуропаның бірнеше беделді клубының назарында болуы мүмкін екені де айтылуда.
Еске сала кетейік, өткен маусымда Дастан Сәтпаев QJ League турнирінің ең үздік ойыншысы атанып, кәсіби деңгейде "Қайрат" негізгі құрамында дебют жасады. Ол футболдан Қазақстан кубогы аясында "Ақжайық" командасына қарсы ойында (9:0) негізгі команда сапында өнер көрсетті.
Сондай-ақ ол "Қайрат-Жастар" командасы құрамында Бірінші лигада бес матч өткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2189517-16-zhastagy-qazaq-futbolshysy-londondyq-chelsige-auysuy-mumkin/