Құрлықтық хоккей лигасы аясында өткен кезекті матчта қазақстандық "Барыс" сырт алаңда ресейлік "Локомотив" (Ярославль) командасынан басым түсті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ресейдегі кездесудің негізгі кезеңі 4:4 есебімен аяқталды. "Барыс" сапынан Энтони Камара дубль жасады (20-минутта және 56-минутта). Сонымен қатар Давид Скленичка (25-минутта) мен Джозеф Лабейт (37-минутта) шайба салды. Ал қарсылас командада Александр Полунин 7, Александр Елесин 9-минутта, Александр Волков 50-минутта және Рушан Рафиков 58-минутта мергендік танытты.
Есеп теңескен соң, ойын овертаймға ұласты. Бірақ овертаймда жеңімпаз анықталмады. Десе де буллитте қазақстандық клуб алға шығып, қарсыласын 5:4 есебімен жеңіп кетті.
Астаналық команда қатарынан төртінші рет жеңіске жетіп, 46 матчтан кейін 39 ұпай жинады. Қазір "Барыс" клубы Шығыс конференциясының кестесінде 11-орында тұр.
"Локомотив" қоржынында 45 матчтан кейін 64 ұпай бар. Ярославльдіктер Батыс конференциясында екінші орынды сақтап, ҚХЛ кестесінде үшінші орында келеді.
Енді "Барыс" келесі ойынын 5 қаңтарда Ресейде "Трактор" (Челябі) командасына қарсы өткізеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2053835-barys-xokkei-kluby-qatarynan-tortinsi-ret-zeniske-zetti/