Қазақстандық "Барыс" хоккей командасы ресейлік "Ақ Барс" ұжымынан жеңіліп қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Құрлықтық хоккей лигасының дербиі саналатын қазандық "Ақ Барс" пен астаналық "Барыстың" кездесуі 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Матчтың негізгі уақытында шайба салынбады. Командалар овертайм кезінде де нәтижелі іс-қимылмен көзге түспеді. Ал буллиттер сериясында "Ақ Барс" клубының ойыншысы Кирилл Семенов мергендік танытып, команасына жеңіс сыйлады.
"Барыс" хоккей клубының бас бапкерінің қызметін атқарушы Олег Болякин матчтан соң ойынға қатысты және ұжымына қатысты пікірін айтты.
"Буллиттер сериясында жолымыз болмады. Десе де көрсеткен өнеріміз көңілімнен шықты. Командамыз күн санап жасақталып келеді және даму үстінде. Мен қалайтын ойын өрнегін хоккейшілер бүгінгі матчта көрсете алды", – деді Олег Болякин.
Бұл қазақстандық "Барыс" хоккей клубының қатарынан үшінші жеңілісі. Астаналық ұжым 49 ойында 40 ұпай жинап, Шығыс Конференциясындағы 11-орнын сақтап қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2054733-barys-xokkei-kluby-syrt-alanda-zenilis-tapty/