Құрлықтық хоккей лигасы аясында Астанада өткен "Барыс" — "Лада" (0:3) матчынан кейін екі команданың бапкерлері баспасөз мәслихатына қатысты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Барыс" командасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз мәслихатында "Барыс" хоккей клубының бас бапкері қызметін атқарушы Олег Болякин командасының неліктен жеңілгенін түсіндірді.
"Өкінішке қарай, бүгін біз жеңілдік. Бір емес, екі шайба салатын сәттер болды. Қарсыласымыз бізді қателіктеріміз үшін жазалады. Өкініштісі, біз олардың қорғанысын бұза алмадық. Ал жігіттерге өкпе жоқ.
Біздің лазарет күн сайын толығып жатыр. Қазір Аркадий Шестаков жарақат алды, оны жедел-жердем алып кетті. Алдыңғы күні Әсетов те жарақаттанды. Оберг екі апта бойы ойнамады, ЛаБейт, Старченко, Мұратов лазаретте. Энергия мен шеберлік бере алатын ойыншылар, өкінішке қарай, қазір жоқ. Десе де жас хоккейшілеріміз жақсы ойнады. Жігіттер жеңіс үшін күресті, бірақ шеберлік жетіспеді", — деді Олег Болякин.
Бүгін, 16 қаңтарда "Барыс" клубы "Салават Юлаев" (Ресей, Уфа) командасына қарсы ойнайды. Кездесу Астана уақытымен сағат 19:30-да басталып, "Qazsport" телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2055738-seberlik-zetispedi-barys-xokkei-klubynyn-bapkeri-komandasynyn-nege-zenilgenin-tusindirdi/