Астаналық "Барыс" хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы 54-ойынын Ресейде СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Санкт-Петербургтың "Мұз сарайы" cтадионында өткен матчта 7:0 есебімен СКА ұжымы жеңіске жетті.
Ойынның алғашқы шайбасын бірінші таймның 6-минутында СКА сапынан Александр Гальченюк салды. Кейін оның командаласы Василий Глотов (13-минутта) есепті еселеді. Екінші кезеңде ресейлік клубтың тағы бір хоккейшісі Марат Хайруллин (23-минутта) үшінші голдың авторы атанды. Шешуші, үшінші кезеңде СКА ойыншылары Арсений Грицюк, Марат Хайруллин (дубль), Василий Глотов (дубль), Cтепан Фальковский қақпаға шайбаны дәл бағыттай алды. Ал "Барыс" клубы матч барысында бірде-бір шайба салған жоқ.
Осы ойында тосын жағдай орын алды. Екінші таймда "Барыс" шабуылшысы Энтони Камара мен "СКА" ойыншысы Александр Никишин төбелесіп қалды. Кейін екеуі де жазаланып, 5 минутқа ойыннан шығарылды.
Енді "Барыс" командасы 26 қаңтарда "Лада" (Тольятти) ұжымына қарсы ойнайды.
Еске салайық, осыған дейін "Барыс" өз айдынында қатарынан екі мәрте жеңіліске ұшырады. Алдымен Мәскеудің "ЦСКА" командасынан 2:5 есебімен ұтылса, кейін "Автомобилист" (Екатеринбург) клубына есе жіберді (2:3). Ал СКА ұжымы өткен ойында Беларусьтің "Динамо" (Минск) командасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңілген еді.
Қазір СКА командасы Батыс конференциясының кестесінде 75 ұпаймен 2-орынға шықты. Ал "Барыс" клубы (44 ұпай) Шығыс конференциясындағы 11-орнынан жылжыған жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2057346-barys-xokkei-kluby-syrt-alanda-ska-komandasyna-ese-ziberdi/