Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Канильо (Андорра) қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының II дивизионында қатарынан үшінші рет жеңді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Cпортты дамыту дирекциясының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан құрамасы А тобындағы үшінші матчта Исландиямен кездесіп, 7:2 есебімен ұтты (5:0; 2:1; 0:1).
Чемпионаттың алғашқы ойынында қазақстандық хоккейшілер Мексика командасын 4:2 есебімен, кейін Тайбэйді 3:0 есебімен жеңген еді. Енді ұлттық құрама 11 сәуірде Бельгияға қарсы матч өткізсе, 13 сәуірде ақтық ойында Испаниямен кездеседі.
Қазір отандастарымыз 9 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр.
Қазақстан әйелдер құрамасы 1996 жылдан бері халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысып келе жатыр. Осы аралықта қысқы Азия ойындарында 3 мәрте чемпион атанса, тағы 3 рет қола жүлдеге ие болған. Ал 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласындағы ақ Олимпиадада бақ сынап, 8-сатыдан көрінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2082815-qazaqstandyq-xokkeisiler-alem-cempionatynda-qatarynan-usinsi-marte-zendi/