Елордалық "Барыс" хоккей клубы Роман Старченкомен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде мәлімдеді. Келісімшарт 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін есептелген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Барыс" клубының ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл Роман Старченконың "Барыс" құрамындағы 16-маусымы болмақ. Өткен маусымда Старченко бір команда сапында (астаналық клуб құрамында 783 кездесуге қатысқан) өткізген матчтар саны бойынша ҚХЛ рекордын жаңартты және Лигадағы 800-ойынын өткізген 10-ойыншы атанды. Команда капитаны өткен чемпионаттың 43 матчында 19 (4+15) ұпай олжалады. Қазіргі таңда Роман – клуб тарихындағы екінші үздік сұрмерген (207 шайба).
"Команда құрамында осындай шебер ойыншыны сақтап қалғанымыз үшін қуаныштымыз. Оған қоса, жаңа маусымға құрам жасақтауды капитаннан бастағанымыз да қуантады. Роман – сөзсіз көшбасшы және мұз айдында да, киім ауыстыратын бөлмеде де зор абыройға ие. Ойында атқаратын функцияларынан бөлек, лигаға енді қадам басқан жас ойыншылармен тәжірибесімен бөлісуді жалғастырады деп сенеміз", – деді бас бапкер Олег Болякин.
Айта кетейік, шайбалы хоккейден Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамы жарияланған еді. Тізімге жалпы есебі 38 ойыншы енген. Қазіргі таңда команда мүшелері Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2091740-qazaqstan-hokkeiining-angyzy-mansabyn-barysta-zhalgastyrady/