Қазақстан 2028 жылы шайбалы хоккейден әлем чемпионатын өткізуге берген өтінімін қайтарып алды. Бұл туралы ТАСС агенттігіне Халықаралық хоккей федерациясының президенті Люк Тардиф мәлімдеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Биыл ақпанда Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Глеб Каратаев ҚХФ әлем чемпионатын өткізуге өтінім бергенін, матчтар Астана мен Алматыда өтуі тиіс екенін айтқан болатын.
Өтініштің тұсаукесері 23-24 мамырда Чехия астанасы Прагада өтетін Халықаралық хоккей федерациясының жыл сайынғы конгресінде өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда IIHF басшысы Қазақстан әлем чемпионатын өткізу идеясынан бас тартқанын айтты.
"Қазақстан 2028 жылғы әлем чемпионатын өткізуге берген өтінімінен бас тартты", - деді Тардиф.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚХФ 2027 жылы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берген еді, бірақ турнирді Германияда өткізу туралы шешім қабылданған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2097914-qazaqstan-shaibaly-hokkeiden-2028-zhyly-otetin-alem-chempionatyn-otkizuge-bergen-otinimin-keri-qaitardy/