"Барыс" хоккей клубының бас бапкері Давид Немировски қызметінен босатылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Барыстың" ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Елордалық "Барыс" хоккей клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып Евгений Королев тағайындалды.
"Құрлықтық хоккей лигасы жаңа маусымының басында команданың нашар нәтиже көрсетуіне байланысты "Барыс" пен мәскеулік "Динамо" арасындағы матч алдында команданың бас бапкерінің міндетін атқарушы қызметіне Евгений Королевті тағайындау туралы шешім қабылданды. Бапкерлер штабының жаңартылған құрамы туралы толық ақпарат барлық міндетті процедуралардан кейін қосымша хабарланады", - делінген клубтың ресми сайтында.
Еске салайық, Давид Немировски биылғы маусымда "Барыс" хоккей клубын баптаған болатын. Оның жетекшілігімен команда жеті кездесу өткізіп, оның бірінде жеңіске жетіп, алты рет жеңіліске ұшырады.
Қазіргі уақытта "Барыстың" үш ұпайы бар және Құрлықтық хоккей лигасының Шығыс конференциясы кестесінде соңғы 12-орында тұр.
Елордалық "Барыс" хоккей клубы келесі ойынын бүгін, 24 қыркүйекте өз мұз айдынында мәскеулік "Динамоға" қарсы өткізеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2165377-7-oiynda-1-zhengis-barys-hokkei-klubynyng-bas-bapkeri-qyzmetinen-bosatyldy/