Астаналық "Барыс" хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында қатарынан бесінші жеңілісіне ұшырады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды
"Барыс" хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасы аясында ресейлік "Автомобилист" (Екатеринбург) командасымен кездесті. Қонақта өткен бұл ойында астаналық "Барыс" хоккей клубы 3:4 есебімен жеңіліс тапты.
Бірінші шайбаны 9-минутта "Барыстың" шабуылшысы Максим Мухаметов соқты. Арада бір жарым минут өткен соң канадалық Майкл Маклеод есепті еселеді.
Ойынның 15-минутында "Автомобилист" хоккей клубының ойыншысы Ник Эберт есеп айырмасын қысқартты.
Ал "Барыс" командасының хоккейшісі Станислав Бочаров есепті 3:1-ге дейін жеткізді.
Дегенмен "Автомобилист" хоккей клубы ойынның үшінші кезеңінде жеңісті жұлып алды. Семен Кизимов (47), Анатолий Голышев (53) және Брендан Лайпсик (55) соққан шайбалардың арқасында "Автомобилист" клубы жеңіске жетті. Осылайша астаналық "Барыс" хоккей клубы қатарынан бесінші жеңіліске ұшырады.
Айта кетейік, елордалық "Барыс" хоккей клубы келесі ойынын өз мұз айдынында "Авангардқа" қарсы ойнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2171307-barys-qolda-turgan-zhengisten-aiyrylyp-qatarynan-besinshi-marte-zhengildi/