35 жастағы қазақстандық аралас жекпе-жек жұлдызы Жалғас Жұмағұлов әлемдегі беделді UFC ұйымына қатысты өз пікірін айтып, оны сынға алды, деп жазады Legalbet.kz.
Жалғас Жұмағұлов UFC ұйымын бағалап, өзіне ұнамаған тұстарын айтып өтті.
"Мен ол жерде болдым, UFC деген не екенін білемін. Бұрын барлығы қызық еді. Қазір барлығы тек шоу. Кімнің чемпион болатыны белгілі. Соңғы жекпе-жектерді қарасаңыз барлығы шоу", - деді отандық спортшы.
Сондай-ақ аралас жекпе-жек жұлдызы атақты промоушенде өзіне көрсетілген әділетсіздік жайлы айтты.
"Әрине, UFC-де өзіме деген әділетсіздікті сезіндім. Алғашық жекпе-жектерімнен-ақ сезіндім. Мен ұйымға кірген кезде үздіктер қатарында болдым. Әлемдік рейтингтерде де болдым. Әлем бойынша мені көп адам таныды, білді. UFC-ге келген кезде маған жас спортшыларды ғана берді. Олар маған ұтылса да, жеңісті соларға беріп қоя берді. Сен жас болу керексің. Рекордың таза болуы шарт. Оған қоса, ағылшын тілін біліп, халыққа қызықты болуың керек. Нсін айтасың? Менің жекпе-жектерімді қарап шықшы. Статистика бойынша бәрін тізе бүктірдім, сырт көзге де бәрі көрініп тұр. Біздікілер ғана емес, жергілікті спортшылар мен мамандар да менің жеңгенімді, әділетсіздік болғанын айтып жатты", - деді ол.
Жалғас Жұмағұлов әлемге әйгілі промоушендегі сәтсіздігіне қарамастан алдағы уақытта қайта оралатынын айтты.
Айта кетейік, отандасымыз UFC аясында 7 жекпе-жек өткізіп, алтауында жеңіліс тапты. 2023 жылдың шілде айында ол ресми түрде ұйымнан шықты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2037618-barlygy-tek-sou-zalgas-zumagulov-ufc-degi-adiletsizdik-zaily-aitty/