UFC-дегі жалғыз қазақстандық қыз Мария Агапова әлеуметтік желідегі парақшасында промоушеннен жаңа келісімшарт күтетінін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Мария Агапованың Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық файтер Instagram Stories-ке жаттығу барысында түскен суретін жариялады.
"Жаңа келісімшартты күтудемін. UFC, кеттік", – деп жазды Мария Агапова.
Қазақстандық файтер соңғы жекпе-жегін 2022 жылдың қыркүйегінде өткізді. Оның қарсыласы канадалық Джиллиан Андерсон 2 раундта Агапованы тұншықтыру әдісімен жеңіп кеткен еді. Содан бері Агапова UFC октагонына шықпады. Ол өткен жылы қазан айында оралуы мүмкін еді, бірақ Марияның виза мәселесіне байланысты Монтана-Ла Россаға қарсы жекпе-жек өтпей қалды.
Еске салайық, Мария Агапова UFC промоушенінде бес жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде қарсыласынан басым түссе, үш кездесуде жеңілді. Осыған дейін Мария Агапова жақында октагонға оралатынын мәлімдеген еді.
Материал авторы: Жәнібек Есенбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2064798-qazaqstandyq-faiter-qyz-ufc-men-kelisimsarty-turaly-tosyn-malimdeme-zasady/