Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғанда аралас жекпе-жек турнирі неге өтпей қалды: әкімдік өкілі жауап берді

Жарияланған күні:

Аралас жекпе-жек шеберлері
Аралас жекпе-жек шеберлері. Фото: kazmma.kz

14 шілдеде Талдықорғанда аралас жекпе-жек турнирі (MMA) өтуі керек болған. Бірақ әкімдік өкілдері соңғы сәтте жарысты өткізбей қойған. Жетісу облысы әкімінің орынбасары бұл шешімнің себебін айтты, деп хабарлайды Nege.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Турнир Талдықорғандағы "Жастар" саябағында өтпек болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар үш күн бұрын саябаққа алдын ала плакаттар іліп дайындаған. Жергілікті тұрғындар жиналып, жарыстың басталуына жарты сағат қалғанда әкімдік өкілдері турнир өтпейтінін мәлімдеген.

"Үш күн ішінде әкімдіктің рұқсатын алдық. Өкінішке қарай біздің қолымызда барлық рұқсат қағазы болса да, жекпе-жек өтпей қалды. Әкімдіктегілер құжаттың жоқтығын, алдын ала келісілмегенін айтты. Соңында ұйымдастырушылар кінәлі болып қалды. Кенеттен неге бас тартқаны белгісіз", - деді ММА спортшысы Арман Әшімов.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев турнир неге өтпей қалғанын айтты.

"Олар аралас жекпе-жекті "Жастар" спорт сарайында өткізу жөнінде рұқсат сұраған. Оған басында Спорт басқармасының орынбасары қол қойған екен. Бірақ басшы жұмысқа шыққаннан кейін рұқсат бермеген. Себебі Спорт басқармасы "Жастар" спорт сарайының алаңындағы төселген жыртық жабындыны жаңарту керек болған. Содан кейін де бұл жарысты өткізуге рұқсат берген жоқ. Бірақ олар өздері басқа біреулермен келісіп, "Жастар" саябағында өткізбекші болыпты.

Кеше полиция бастығының орынбасары хабарласып: "Мында жекпе-жек өтейін деп жатыр. Бізге ешқандай хат түскен жоқ. Сіздер рұқсат бердіңіздер ме?", – деп сұрады. "Ресми түрде рұқсат берілмеді" дедім. Бұл саябақ – қаланың балансында. Бұлар қаланың әкімдігіне арыз жазып, рұқсат алмаған. "Жігіттер, рұқсат жоқ. Менің атыма ресми хат жазыңыздар. "Өркен" деген спорт кешенінде өткізуге болады. Ұйымдастыру жұмысына көмектесейік" десем де, "Бізге ол жер керек емес. "Жастар" спорт сарайы немесе саябақта өткізгіміз келеді", – деді. "Бұған көнбесеңіздер, онда рұқсат жоқ" дедім. "Біздің қолымызда барлық құжат бар" депті ғой. "Әкімшілік берген рұқсат қағазын көрсетіңізші" деп сұрап көріңіз, не дер екен?

Негізі біз турнирдің өтуіне қарсы емеспіз. Бірақ әр нәрсенің өзінің өтетін орны болады. Мәселен "Өркен", "Динамо" спорт кешені бар. Ал стадионда өткізуге болмайды. Бұл – футбол ойнауға арналған алаң. Тіпті болмаса, далада өткізгісі келсе "Шөптің үстіндегі хоккей" деген алаңды берер едік", - деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары.  

Еске салайық, қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дамир "Qazaq" Исмағұлов ресейлік файтер Дмитрий Климовты жеңгенін жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2134635-taldyqorganda-aralas-zhekpe-zhek-turniri-nege-otpei-qaldy-akimdik-okili-zhauap-berdi/