Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Капасыз жұдырықтасты": Шавкат Рахмонов UFC президентін жойқын жекпе-жегімен таңғалдырған

Жарияланған күні:

Шавкат Рахмонов
Шавкат Рахмонов. Фото: Jeff Bottari/Zuffa LLC via Getty Images

Шавкат Рахмоновтың менеджері Саят Абдрахманов Dope Soz Youtube арнасына берген сұқбатында қазақстандық файтердің жанкештілігі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Спортшының менеджері Саят Абдрахмановтың айтуынша, 2023 жылдың наурызында америкалық файтер Джефф Нилге қарсы жекпе-жегінде Шавкат Рахмонов жанкештілік танытып, жанын сала жұдырықтасқан. Нәтижесінде Шавкат Рахмонов үшінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңіске жетті.

"Жекпе-жек алдында Джефф Нилдің салмағы асып кетті. Ал бұл кездесу Шавкаттың мансабындағы бетбұрыс кезеңі болды деп айта аламыз. Егер Шавкат бұл жекпе-жектен бас тартса, UFC үшін ол мүлдем қызық емес болатын еді. UFC промоушені кез-келген жерде, кез-келген жағдайда, кез-келген уақытта жұдырықтасуға дайын жауынгерді көтеруге мүдделі. Содан кейін UFC дәл осындай жігіттерді көтереді. Өйткені мұндай спортшыларды жанкүйерлер де жақсы көреді.

Пандемияға және басқа да жағдайларға байланысты Шавкат Джефф Нилге қарсы жекпе-жекке дейін көрерменсіз өтетін турнирлерде бақ сынады. Ал халық лық толған аренада, көрермендердің ортасында өнер көрсету оған психологиялық тұрғыдан да әсер еткен секілді. Бұл жекпе-жек тым жойқын болды және осы кездесуде Шавкаттың капасы ұшып кетті. Негізі көптеген файтер капаны көтеруге немесе бұл мәселені төрешіге айтуға тырысады, ал Шавкат болса жекпе-жекті одан әрі жалғастырды. Бұл таңғаларлық жайт. Ол бір жарым, не екі минут бойы капасыз жұдырықтасты. Тіпті комментаторлардың өзі төрешіге: "Капа, капа", - деп айқайлады. Жойқын жекпе-жек болды. Үшінші раундта Шавкат қарсыласын тұншықтыру әдісімен жеңді. Төреші кездесуді аяқтағаннан кейін Дана Уайт біраз есеңгіреп қалды, содан соң ол октагонның ортасына бірден шықты, бірақ Дана Уайт ешқашан олай жасаған емес! Ол шынымен есеңгіреп қалды, жанкүйерлер де таңғалды. Бұл Шавкатты жаңа деңгейге көтерген жекпе-жек. Бірнеше күннен кейін біз Дана Уайттың кеңсесіне отырдық", - деді Саят Абдрахманов.

Айта кетелік, Шавкат UFC-де 6 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті. Қазіргі таңда Шавкат Рахмонов жартылай орта дивизионда үшінші орынға жайғасқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2134698-kapasyz-zhudyryqtasty-shavkat-rahmonov-ufc-prezidentin-zhoiqyn-zhekpe-zhegimen-tanggaldyrgan/