Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"ММА мен үшін әлеуметтік лифт": қазақ файтері отбасының болашағы үшін ғана төбелесіп жүргенін айтты

Жарияланған күні:

Нұрбек Қабдрахманов
Нұрбек Қабдрахманов. Фото: instagram/kabdrakhmanov.nurbek

NAIZA лигасының чемпионы Нұрбек Қабдрахманов алдағы жекпе-жекке дайындығы мен басты мотиваторы жайында Sport+ Qazaqstan сайтына сұқбат берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

27 шілдеде Ақтауда NAIZA 64 турнирі өтеді. Оның басты оқиғасы қазіргі чемпион Нұрбек Қабдрахманов (9-2) пен бразилиялық файтер Вандерлей Да Силва (17-7) арасындағы жекпе-жек. Ақтөбелік жауынгер қарсыласы Вандерлей Да Силваның қауіпті тұсы, 12 кг салмақ тастауы, жекпе-жекке дайындығы мен басты мотиваторы туралы айтты.

– Вандерлеймен жекпе-жекке қалай дайындалып жатырсыз?

– Дайындық ойдағыдай. Құдай қаласа, барлық жағынан дайын боламын. Қазір жаттығу жеңілдеді. Себебі салмақ қуу процесі басталды. 12 келіге арықтап жатырмын. Салмақ түсіру кезінде ең бірінші, бешбармақты сағынамын. Бауырсақ, қаймақ және басқа да "ауыр" тағамдарды аңсайтыным бар.

– 12 кг салмақтан неше күнде арылу жоспарда бар? Жалпы осы салмақ қуу процесінен өзгелерге кеңес беріңізші. Қандай құпиясы бар?

– 12 келі салмақтан 3 айда арыламын. Ас мәзірінен, ең алдымен, ұн өнімдері мен қанты бар бүкіл тәттілерді толығымен алып тастаймын. Ақырындап тамақты каллориясына қарай өлшеп, мөлшерін азайтып жеймін. Шынымды айтсам салмақ қуу оңай процес емес. Өйткені бүкіл сүйікті тағамдарыңнан бас тартасың. Менің сүйіп жейтін асым - мәнті мен бешмармақ. Негізі, салмақ қуу уақытша сынақ қой. Шыдамдылық, тәртіпті талап етеді. Ең бастысы, нан мен қанттан бас тарту керек дегім келеді.

– Сіздің мотиваторыңыз кім? Отбасылық өміріңіз жайлы айтыңызшы…

– Отбасылық өмірім туралы айтсам, жалпы жұбайым, бір қызым, екі інім, әке-шешем бар. Жан жарым жекпе-жектерімді қарамауға тырысады. Маған мотивация беретін солар ғой. Қызым, әке-шешемнің болашағы үшін төбелесіп жүрмін. ММА мен үшін әлеуметтік лифт!

Айта кетейік, тағы бір қазақстандық файтер Асу Алмабаев UFC-дегі келесі кездесуін рейтингтің екінші сатысында тұрған Брэндон Ройвэлмен өткізгісі келетінін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2137890-mma-men-ushin-aleumettik-lift-qazaq-faiteri-otbasynyng-bolashagy-ushin-gana-tobelesip-zhurgenin-aitty/