UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Шавкат Рахмонов (18-0) осы дивизондағы чемпион Белал Мухаммад (24-3) айқастан бас тартқанына қарамастан жаттығуын жалғастырып жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Шавкаттың Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов пен Белал 7 желтоқсан күні Лас-Вегаста кездесуі керек еді. Алайда Мухаммад аяғына шұғыл ота жасатып, бірнеше апта бойы жаттыға алмайды. Белал Мухаммад Instagram-дағы парақшасына ауруханада жатқан видеосын жариялап, жазба қалдырды.
"Аяғымның сүйегіне инфекция жұқтырып алдым. Антибиотиктер салу үшін аяғыма операция жасауға тура келді. Алдағы алты апта бойы физикалық белсенділік танытуға тыйым салды. Алланың жоспары – үздік жоспар. Жоспарларыңызды бұзғаным үшін кешірім сұраймын. Жақында ораламын, Иншалла", - деп жазды спортшы.
Соған қарамастан Рахмонов желтоқсанда уақытша чемпиондық атақ үшін айқасуға дайын екендігін алға тартты.
Кезекті жаттығу процесі аясында Шавкат орта салмақта UFC-рейтингінде 5-орында тұрған Франция атынан өнер көрсететін дағыстандық Нассурдин Имавовпен (15-4) спарринг өткізді. Жаттығу кезінде "Номадпен" түскен суретін Нассурдин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Шавкат Рахмонов соңғы кездесуін 2023 жылы желтоқсанда өткізіп, америкалық файтер Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын. Қазақстандық файтер MMA-да 18 рет, UFC-де 6 рет жеңіске жеткен. Ал Белал Мухаммад биыл шілдеде Манчестерде өткен UFC 304 турнирінде Леон Эдвардсты төрешілердің бірыңғай шешімімен ұтып, жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы атанды. Оның MMA-дағы рекорды – 24-3.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2181821-shavkat-rahmonov-aqsh-tagy-zhattygularyn-zhalgastyryp-zhatyr-foto/