Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC-дегі кезекті жекпе-жегінде қанша сыйақы алатыны белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sportal Mag порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Шавкат Рахмонов 8 желтоқсанда Лас-Вегастағы UFC 310 турнирінде ирландиялық Иэн Гэрримен кездеседі. Рахмоновтың кепілді сыйақысының көлемі 350 мың доллар болмақ. Ол жеңген жағдайда тағы 100 мың доллар алады. Ал Гэрридің сыйақысы 150 мың доллар, оған да жеңіс үшін 100 мың доллар қарастырылған.
Ал ең көп сыйақыны турнирдің басты жекпе-жегінде кездесетін спортшылар алады. Атап айтқанда, бразилиялық Алешандре Пантожа 750 мың доллар, ал жапониялық Кай Асакура 500 мың доллар пайда таппақ.
Шавкат Рахмонов соңғы рет 2023 жылдың желтоқсанында жекпе-жек өткізіп, америкалық Стивен Томпсонды екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. Ал Иэн Гэрри үшін бұл биыл өткізгелі жатқан үшінші жекпе-жегі болмақ. Ол ақпанда америкалық Джефф Нилді, ал маусымда британиялық Майкл Пэйджді төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2195988-shavkat-rahmonov-aldagy-zhekpe-zheginde-qansha-tabys-tabatyny-belgili-boldy/