UFC-дің жеңіл салмақтағы чемпионы Ислам Махачев спорттық мансабын аяқтау туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Матч ТВ" арнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
UFC жауынгері Ислам Махачев қазан айында 33 жасқа толды. Оның жақын досы әрі UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов 32 жасында мансабын аяқтаған болатын.
"Бетербиев 39 жасында әлемнің үздік боксшысы атанды. Жас – бұл тек сан. Менің өзімде нақты жоспарланған ештеңе жоқ. Көптеген жас жігітпен жаттығамын. Егер олардың деңгейіне жете алмайтын жағдайға тап болсам, өзімді қинаудың қажеті жоқ екенін түсінемін. Сол кезде бәрін де қоямын. Бірақ қазіргі жағдай мүлдем басқа. Әлі де өзімді жақсы сезінемін," - деді Ислам Махачев.
Айта кетейік, Ислам Махачев келесі жекпе-жегін 2025 жылдың қаңтарында Лос-Анджелесте өтетін UFC 311 турнирінде өткізеді. Сол кештің басты жекпе-жегінде Ислам Махачев UFC чемпионы атағын сақтап қалу үшін Арман Царукянмен күш сынасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2196147-barin-qoiamyn-ufc-chempiony-islam-mahachev-sporttyq-mansabyn-aiaqtau-turaly-pikir-bildirdi/