"Дю Солей" циркі (Cirque du Soleil) – әлемдік цирк өнерінде көш бастап тұрған ұжым. Сахнада өнер көрсететін жануарлардан толықтай бас тартқан олар түрлі қойылымдарды қоюға 4 000-нан астам әртісті жұмылдырады. Солардың қатарында бүгінде отандасымыз Ернұр Сыздықов та өнер көрсетіп жүр деп жазады Түркістан басылымы.
Ернұр Сыздықов батутта секіруден Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен. Азия чемпионатының жүлдегері. Ел біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы.
Ол 2014 жылы бапкерлердің әділетсіздігіне шыдамай үлкен спорттан кеткенін айтады. Осыдан кейін Ернұр Қазақ мемлекеттік циркіне жұмысқа тұрған.
"Спорттан кетсем де, жаттығу залынан шықпай, шынығып жүрдім. Сол залда Алматы циркінде жұмыс істейтін жігіттер де жаттығатын. Олар "Бізбен бірге циркке жүрсеңші" деп ұсыныс айтты, сөйтіп цирк деген жөні "бөлек" әлеммен таныстым. Негізі, циркке жұмысқа тұрамын деп ешқашан ойламаппын. Құрамадан шығып қалған соң, нәпақа табу, ата-анама көмектесу үшін фитнес-жаттықтырушы боламын деп жүргенмін.
Алайда циркте жұмыс істеу маған ұнап қалды. Онда мені көп нәрсеге үйретті, әсіресе алтыбақан арқылы секіруді үйрендім. Бір секіргенде сегіз метрге дейін секіретінмін. Сөйтіп, Алматы циркінде үш жылдай жұмыс істеп, кейіннен "Дю Солей" циркінің труппасына қабылдандым", - дейді ол.
Ернұрдың айтуынша, "Дю Солей" циркінде Гауhар Ахметова атты гимнастшы қазақ қызы да өнер көрсетеді.
"Сол Гауhар мені бұрыннан "Дю Солейге" шақыратын. Бірде Алматы циркінің құрамымен гастрольдік сапарда жүргенімде Гауhардың айтқандары есіме түсіп, аталған циркке атлет болып қабылдануға өзім талпынып көрейін деп шештім.
Сөйтіп, елге келген соң, өзім жасай алатын қиын трюктер топтамасын жинастырып, "Дю Солейдің" Лас-Вегастағы кастинг өткізуге жауапты бөліміне жібердім. Арада екі күн өткен соң, аталған бөлімнің өкілдері хабарласып, өздері ұсынған трюктерді орындап, видеоға түсіріп жіберуімді сұрады. Ақырында олар менің өнерімді бағалап, 2017 жылдың соңында труппаға қабылдады.
"Дю Солейдің" шоуларына қатыстырмас бұрын, олар мені жарты жыл бойы жаттықтырды. Қанша жерден кәсіби акробат болсам да, мен үйренетін нәрселер көп екен. Сол жарты жылдың ішінде әлем билерінің түр-түрін меңгердім. Сонымен қатар сахнада бас кейіпкердің рөлін сомдауды және екінші пландағы атлет болуды үйрендім. Арнайы мамандар базалық грим жасаудың қыр-сырын үйретті. Сосын шоуға ілінген соң, әр шоуға тән арнайы грим жағуды бөлек үйретеді. Түрлі аспапта ойнауға, ән айтуға баулиды.
Кейіннен PPP (Performance Preparation Program) бағдарламасын толығымен меңгеріп, цирктегі тәжірибелі атлеттермен тең өнер көрсете алатын қабілет-қарымыңды көрсеткен соң, тақрыптық шоуларға бөледі", - дейді Ернұр.
Оның сөзінше, қазір "Дю Солей" хореографтары әзірлеген 50 шоу әлемнің түкпір-түкпірінде қойылады. "Дю Солей"-жануарларсыз өнер көрсетуімен әлемге танылған.
Цирктің негізін қалаушылар көрерменді жануарсыз-ақ, адам қолымен жасалатын өнер арқылы, атап айтсақ гимнастшылар мен акробаттардың шеберлігімен жаулап алуға болатынын дәлелдеген. Сол себепті күллі әлем жұртшылығы "Дю Солейдің" еңбегін ерекше бағалайды, цирк атлеттерінің өнеріне тамсана қарайды дейді Ернұр.
"Мұнда тек атлеттерге емес, сонымен қатар сахнаны безендіру жұмыстары, атап айтсақ, декорация, костюм, дыбыс, әртүрлі жарықтар мен қойылымдық техникаға ерекше мән беріледі.
"Дю Солей" қойылымдарының бағасы қымбат дегенді жиі естиміз, бірақ ол қойылымдар сол бағаға тұрарлық. Жарты жыл бойы әзірлеген бір қойылымды көрсеңіз, денеңіз тітіркеніп, ерекше күйде боласыз. Шыққан соң да, алған әсеріңізді айтып тауыса алмай жүресіз", - дейді отандасымыз.
Ернұр Сыздықов соңғы екі жылда "Дю Солей" ұжымымен аргентиналық футболшы Лионель Мессидің Messi 10 шоуына қатысып жүр.
"Лионель Месси әлемдегі нөмірі бірінші футболшы, ал "Дю Солей" нөмірі бірінші цирк болғандықтан, екі тарап Мессидің атынан шоу ұйымдастыруға келіскен. Аталған шоуға жарты жыл бойы тыңғылықты дайындалдық. Месси Барселонада тұратындықтан, 2019 жылғы қазан айында сол қалада шоудың тұсауы кесілді. Онда 60-қа тарта шоу қойған соң, 2020 жылғы қаңтар айында Катар елінің астанасы Доха қаласында өнер көрсеттік. Кейіннен, өзіңіз білетіндей, пандемия басталып кетіп, барлығымыз өз елімізге қайтуға мәжбүр болдық", - дейді ол.
Сөз соңында Ернұр елдегі спорттық гимнастика аса көңіл бөлінсе деген тілегін айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1902659-aigili-dyu-soleide-oner-korsetetin-qazaq-zigiti-turaly-ne-bilemiz/