Ертең Бейжіңде қысқы олимпиада ойындарының алауы тұтанып, қысқы ойындар жиырмасыншы ақпанға дейін жалғасады. Төртжылдықтың ірі додасында спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Аспан асты елінде өтетін олимпиадаға әлемнің 91 елінен төрт мыңнан астам спортшы келді деген мәлімет бар. Олардың қатарында алғаш рет Сауд Арабиясы мен Гаити қысқы ойындарға қатысайын деп тұр.
Спортшылар санының көптігі жөнінен Америка құрама штаттары көш бастауда. Мұхиттың арғы жағынан Бейжіңге 223 атлет келді.
Екінші орын канадалық спортшыларға тиесілі. Олар қысқы ойындарға 215 атлетін алып келген.
Үшінші орында 212 cпортшымен Ресей орналасқан.
Жарыс қожайындары Қытай атынан 177 атлет бақ сынайды. Олардың арасында үш қандасымыз бар.
Ал 87 жолдамаға ие болған Қазақстан құрамасы Бейжіңге 34 спортшымен келді. Қазақстандық атлеттер шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1953612-beizin-2022-qazaqstan-olimpiadaga-qatysatyn-sportsylar-sany-zagynan-nesinsi-orynda/