Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай елінің атынан сынға түсіп жатқан этникалық қазақ қызы Ақнәр Ардақтың көркіне ел сүйсінуде. Желі қолданушылары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып-өскен бойжеткеннің сұлулығына тамсанып, оның фотосын жиі бөлісіп жатыр. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі конькиші қыз туралы ашық дереккөздерде бар деректерді назарға ұсынбақ.
Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сүйенсек, Ақнәр Ардақ Қытай халық республикасының Шыңжаң өлкесінде 1999 жылы 1 маусымда дүниеге келген.
Ақнәрдің бойы - 165 см. Конькиші қыз Шыңжаң қыстық спорт түрлерін басқару орталығының атынан Олимпиадаға жолдама алған.
Халықаралық Олимпиада комитеті бастапқыда Ақнәрдің шорт-трек бойынша жарыстарға қатысып, 2018 жылдан бері конькимен жүгіру спортына ден қойғанын жазады. Оның себебін Ақнәр Адаққызы қытайлық басылымға берген сұхбатында айтқан.
"Мен өзімді үлкен қашықтықта сынап көргім келді. Мен осылайша түрлі қиындықтарға төтеп беріп, өзімді жетілдіремін. Конькимен жүгіруде жетістіктерге жетемін деп сенемін. Қазір сол мақсатта жоспар құрудамын", - дейді ол 2019 жылы 29 наурызда chinadaily.com сайтына берген сұхбатында.
Ақнәрдің спорттағы дамуына қытайлық коньки спортының атасы Синь Циньшань үлес қосқан. Ол алғашқы қытайлық Олимпиада чемпионы Ян Янның жаттықтырушысы ретінде белгілі. 2018 жылы қаңтарда Синь Шыңжаңға барып, сондағы спортшыларды шорт-трек пен конькимен жүгіру бойынша жаттықтырған. Бастапқыда әйгілі жаттықтырушы Ақнәрден жақсы нәтиже күтпеген.
"Ол өз нәтижесін айтарлықтай жақсартты, бірақ оны спортта әлі де ұзақ жол күтіп тұр. Оның орташа уақыты 7:19,32. Сондықтан спортшыларымызды ұзақ қашықтықта әлем үздіктерін қуып жету үшін көп тер төгу керек", - деп баға берген Ақнәрге Синь Циньшань.
Сондай-ақ, Ақнәр Ардақтың жеке өмірі туралы бірқатар деректі блогер Жолымбет Мәкіш парақшасында жазды. Оның сөзінше, Ақнәр Адаққызы Қытайдың Құттыби ауданындағы Тасбаспалдақ дейтін ауылда туған.
"Тасбаспалдақ – шаңғы тебетін жері бар, бөктердің етегінде орналасқан шағын ауыл екен. Кішкентай кезінен сол жерде шаңғы теуіп үйренеді. Сөйтіп, өсе келе Қытайдың рекордын жаңғыртып, содан аты шығыпты. Әкесі қайтыс болған. Шешесі мұғалім. Қытайдың құрамасына ілігу өте қиын негізі. Бұл қыздың бағы жанып тұрған қыз екен", - дейді блогер.
Спортшы қыздың фотолары желі қолданушыларын тәнті етуде. "Үріп ауызға салғандай", "Әдемі қыз екен", "Қарындасымыздың жолы болсын", - дейді оған пікір білдірушілер.
Айта кетейік, Ақнәр Ардақ 5 ақпанда Бейжің-2022 олимпиадасы аясында 3000 м қашықтықта 17-ші болып мәре сызығын кесті. Ақнәр Ардақ алдағы күндері 1500 және 5000 м қашықтықта тағы да мұзайдынға шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1954946-urip-auyzga-salgandai-konkimen-zugiruden-qytai-atynan-synga-tusken-korikti-qazaq-qyzy-turaly-ne-bilemiz/