Бейжің Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан кезекті чемпиондар анықталды. Мұздағы биде сынға түскен спортшылар арасынан франциялық Габриэла Пападакис пен Гийом Сизерон топ жарды. Осылайша, өзінің гей екенін мәлімдеген Сизерон Олимпиада алтынын алып отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Габриэла Пападакис пен Гийом Сизерон бала кезден бірге сырғанап келе жатқан әлемдегі ең тұрақты әрі талантты спортшылардың бірі.
Екеуі де Францияда дүниеге келген. Габриэланың әкесі - грек, анасы - француз. Ал Гийом таза француз отбасында тәрбиеленген.
Екеуі әлем чемпионатында төрт рет, Еуропа чемпионатында бес рет жеңіске жеткен.
Төрт жыл бұрынғы Пхченхан Олимпиадасында олар канадалық қарсыластарына жол беріп, күміс медаль иеленген болатын. Сол жолы қысқа бағдарламада Габриэланың көйлегінің түймесі ағытылып кеткенін де жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ.
Бейжің Олимпиадасына аталған жұп сақадай сай келген. Олар басты қарсыластары - ресейліктер Никита Кацалапов пен Виктория Синицанадан алты ұпайға ұзап, Олимпиада чемпионы атанды.
Айта кетелік, Пападикс пен Сизерон жұбын ресейлік мамандар жиі сынға алады. Өйткені, Гийом Сизерон өзінің гей екенін ашық түрде жариялаған. Ресейлік бапкерлер Сизеронды әйел адам ретінде қабылдап, айдында еркек пен әйел емес, тек нәзік жандылар билеп жүргендей әсер қалдыратынын айтқан болатын.
Гийомның гей екені оның көптеген жанкүйерлерін де алаңдатты. Спортшы өзінің біржынысты некені қолдайтынын ашық айта бастаған соң, әлеуметтік желідегі парақшасынан көптеген адам шығып кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1955963-ekeui-de-aiel-siyaqty-ozinin-gei-ekenin-asyq-aitqan-franciyalyq-sportsy-olimpiada-cempiony-atandy/