Бейжің Олимпиадасында жанкүйерлердің жүрегін елжіреткен жағдай орын алды. Шорт-тректен командалық эстафетада жеңіске жеткен Нидерланд құрамасы марапаттау кезінде марқұм болған әріптестерін еске алып, көзге жас алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шорт-тректен 500 метрге жүгіруде Нидерланд тарихындағы тұңғыш чемпион, командалық эстафетада Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Лара ван Рейвен 2020 жылы көз жұмды.
27 жастағы спортшы оқу-жаттығу кезінде өзін жайсыз сезінген. Кейін оның аутоиммундық ауруға шалдыққаны анықталды. Дәрігерлер спортшыны құтқару үшін барын салса да, 2020 жылдың 10 шілдесінде Лара мәңгілік мекеніне аттанады.
Бұл әлемдегі шорт-трекшілер үшін ауыр оқиға еді. Командаластары "Пантера" деп атап кеткен Лараның арманы көп болатын. Алайда бұл өмірден тым ерте кете барды.
Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында шорт-тректен Нидерланд әйелдер командасы эстафетада жеңіске жетті. Олар бұл жеңісін командаластары Лараға арнады. Себебі, осыдан төрт жыл бұрын сол Лараның ерлігі арқасында Олимпиадада қола жүлдегер атанған еді.
Даңқты командаластарын еске алған спортшылар марапаттау рәсімі кезінде аспанға сүю белгісін көрсетіп, бұл жеңісті Лара ван Рейвеннің рухына арнады.
"Біз киім ауыстыратын бөлмеде Лара туралы көп айттық. Көзімізге жас келді. Біз оны жақсы көреміз. Ол бізге аспаннан мақтанышпен қарап тұрған шығар. Ол анасымен бірге біздің жеңісімізді көрді. Өзінің анасымен бірге қуанып жатқан болар", - деп еске алды Яра ван Керкхоф.
Лараның анасы 2013 жылы көз жұмған.
Ал ресейлік спортшы, шорт-тректен Олимпиада чемпионы әрі жүлдегері Семен Елистратов Лараның құрметіне қызғылт-сары шлеммен өнер көрсеткен. Айта кетелік, Нидерланд құрамасының спорттық киімі осы түске боялған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1956086-aspannan-qarap-turgan-sygarsyn-marqum-bolgan-sportsy-qyzdy-eske-algan-cempiondar-kopsilikti-zylatty/