Фристайл акробатикадан Бейжің Олимпиадасында ел намысын қорғаған Жанбота Алдабергенованың іріктеу кезеңдерінен өте алмағаны белгілі. Ол жарыстан кейін жанкүйерлеріне үндеу жасап, сәтсіз өнер көрсетуінің себебін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ол төрт жылдықтың ірі додасында 13-орынға ие болды.
"Алғашқы мүмкіндігінде өте қымбат элементті орындадым. Одан да қиындау элементті финалға сақтаған едім. Өкінішке қарай, іріктеуден өте алмадым. Секіруді өте керемет орындасам да, жерге түсерде қателік кетті. Егер бәрін жаттығудағыдай орындағанда финалға бірінші орынмен шығар ма едім?! Өкінішке қарай, бұлай болмады.
Екінші секіру кезінде сәл оңайлау элементті орындадым. Бәрін әдемі жасағаныма сенімді едім. Алғашында біз бірінші секірден соң-ақ, финалға шығамыз деп ойлағанбыз. Жақсы орындап шықтым, бірақ төрешілерге ұнамады. Нәтижесінде, Олимпиаданы ерте аяқтадым", - деді Жанбота.
Отандасымыз Ақмаржан Қалмұрзаеваның Олимпиада финалына шыққанына қуанғанын жасырмады.
"Бірінші мүмкіндігін Ақмаржан тура іріктеудегідей орындады. Бірақ бір жерден қате жіберген болуы керек. Спортшы ретінде оны жақсы түсінемін. Бұл әлем кубогі емес, бұл – Олимпиада. Екінші рет секірген кезінде төрешілер, тіпті, төмендетіп тастады. Қорытынды қандай болса да, ол бірінші рет Олимпиада финалына шықты. Соны мақтан етемін.
Бұл менің үшінші Олимпиадам. Бірінші ойынға барарда қорқыныш болған. Себебі, Олимпиаданың не екенін білмедім. Екінші рет Олимпиадаға үлкен үмітпен аттандым. Өйткені, Сочиде финалға шықтым ғой. Нәтижемді жақсарта түскім келген. Мен ойлағандай болмады. Бұл – спорт. Өте қиын спорт түрі. Жыл өткен сайын ережелер қиындай түсуде. Қазір үш айналым секіру элементін орындамасаңыз, жарысқа барудың қажеті жоқ.
Жалпы алғанда, біз өте мықты әйелдерміз. Бізге жанкүйер болып, қолдау көрсеткен жандарға алғысымды айтамын", - деді Жанбота Алдабергенова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1956139-ote-okinisti-usinsi-olimpiadasynda-irikteuden-ote-almagan-aldabergenova-syryn-aqtardy/