Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов Қазақстанда фристайл могул, фристайл акробатика, конькимен жарыс, шорт-тректің болашағы бар екенін ашып айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы Елсияр Қанағатов Ұлттық Олимпиада комитеті ұйымдастырған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, Қазақстанда коньки, фристайл могул, фристайл акробатика, шорт тректің болашағы бар. Бұларды дамыту үшін арнайы бағдарлама дайындау маңызды, деді ол.
"Фристайл акробатика бұқаралық ету жағын қарастыру керек. Өйткені чемпиондар халықтың арасынан шығады. Балалар спортын дамыта түсу керек. Оларды белгілі бір спорт түріне кішкентай кездерінен баулу керек. Ол үшін спорттық мектептердің санын көбейтіп, жаттықтырушыларға жағдай жасалуы қажет", - деді Елсияр Қанағатов.
Спорт дирекциясының басшысы соңғы жылдары фристайл акробатикадан спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл спорт түрінен алға жылжу бар.
"Атлеттеріміз бұған дейінгі қысқы ойындарда 20-орындардан көрініп жүрсе, Бейжің төрінде Ақмаржан 11, Жанбота 13, Шерзад 19-сатыдан көрінді", - деді Елсияр Қанағатов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1956332-uok-okili-kelesi-olimpiadada-qai-sport-turlerinen-medal-kutetinin-aitty/