Фристайл-могулдан Қазақстан командасының рекордшысы Дмитрий Рейхерд спорттық мансабын аяқтап, жаңа қызметке ауысты. Бұл туралы сенімді дереккөзге сілтеме жасаған Bassport.kz хабарлайды.
Дмитрий Рейхерд 1989 жылы Өскеменде дүниеге келген. Бала күнінен шаңғыны серік еткен ол фристайл-могулдан еліміздің беткеұстар мақтанышына айналды.
Дмитрий жалпы есебі алты әлем чемпионаты мен бес Олимпиада ойындарына қатысқан. Ол алғаш рет 2005 жылы Финляндияның Рука қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынаған. Ал Олимпиададағы тұсаукесері 2006 жылы өтті.
Сол жылы Рейхерд Италияның Турин қаласында өткен қысқы ойындарға қатысып, 33-орын алғаш болатын. Содан бері Дмитрий құрамадағы тұрақты нәтиже көрсететін спортшылар қатарына еніп, Ванкувер (Канада, 18-орын), Сочи (Ресей, 5-орын), Пхенчхан (Оңтүстік Корея, 8-орын) және Бейжің Олимпиадаларында (Қытай, 8-орын) ел намысын абыроймен қорғады.
Дмитрий Рейхерд қысқы Азиада (2011) және Универсиадада (2017) топ жарып, фристайл-могулдан әлем, Еуропа кубогі кезеңдерінде бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілген.
Соңғы маусым қарсаңында алған жарақатына қарамастан, Дмитрий Бейжің Олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, ТОП-8 қатарына енген болатын.
Қазіргі таңда 33 жастағы атлет үлкен спортпен қош айтысып, қысқы спорт түрлерінен Олимпиадаға даярлау орталығында аға жаттықтырушы міндетіне кіріседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1964617-bes-olimpiadaga-qatysqan-dmitrii-reixerd-sporttan-qol-uzip-zana-qyzmetke-kiristi/