Әлемнің 32-ракеткасы, қазақстандық теннисші Александр Бублик Ұлыбританияның Лаун-теннис ассоциациясының (LTA) ресейліктер мен беларуьстерге Уимблдон-2022 және өздері ұйымдастыратын басқа да турнирлерге қатысуға тыйым салу шешіміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Чемпионат сайты Eurosport.de-ке сілтеме жасап хабарлайды.
"Бұл дұрыс па, жоқ па, оған баға бергім келмейді. Дегенмен осыған қатысты ойымды қуана-қуана айтамын. Бұл - үкімет пен ұйымдастырушылардың шешімі. Олардың бұған құқы бар. Ал мен үшін спорт шынайы өмірден сәл де болса ойымды бөлуге көмектеседі. Сол үшін, менің ойымша, спортты саясатпен араластырудың қажеті жоқ. Спорт - теледидар алдында сыра ішіп, сүйікті командаң мен ойыншыңның өнерін тамашалау үшін қажет. Қазір осы мүмкіндіктен айырылып отырған жанкүйерлерге жаным ашиды", - дейді Александр Бублик.
Сондай-ақ теннисші Қазақстан атынан өнер көрсететіндіктен, Уимблдон-22 турниріне қатысуға мүмкіндігі барын атап өтті.
"Қазір менің ресейлік төлқұжатым жоқ, өйткені екі елдің азаматтығын алуға болмайды. Менің Ресей теннис федерациясына еш қатысым жоқ. Мен қазақпын, осы елдің атынан алты жылдан бері өнер көрсетіп келемін. Дэвис Кубогында, Азия және Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1967293-men-qazaqpyn-belgili-tennissi-aleksandr-bublik-azamattygyna-qatysty-asyq-malimdeme-zasady/