Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір бұрышта жаттығады": Қостанайда садақ ататын спортшылар мешітте дайындалуға мәжбүр болған

Жарияланған күні:

Мергендер мешітте дайындалуда
Мергендер мешітте дайындалуда. Скриншот: "Астана" арнасы

Қостанайда бір жыл бұрын ашылған дәстүрлі садақ ату клубы жабылудың алдында тұр. Ұлттық спорт мектебі уақытша мешіт ғимаратын паналауға мәжбүр, деп хабарлайды Астана арнасы.

Клубты Аяулым Аппазова ашқан. Қаршадай қыз халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Садақ атудан ел чемпионы ұлттық спорттың Тобыл өңірінде өркендеуін көздейді. Айналасы бір жылдың ішінде оның шәкірттері республика чемпионатында орын иеленіп, құрамаға еніп үлгерді. Сол мергендерді дайындауға қолайлы орын болмай тұр.

"Дәл қазір осы аренда мәселесі қиын. Аренда Қостанайда қымбат. 300 шаршы метр 1 миллион тұрады", - дейді Аяулым.

Қазір садақ атуды 12 бала үйреніп жүр. Олардың ата-анасы төлейтін 10 мың теңге кейде жебені жаңалаудан артылмайды. Ұлттық мектеп бір жыл бойы көпқабатты үйдің жертөлесінде жаттығу өткізген. Ол жерді үнемі су басқан соң мешіт ғимаратын паналауға мәжбүр болыпты. Садақшылар өздеріне сай орын тапқанша құлшылық үйінің бір бұрышында жаттығады.

"Үш айдың көлемі болды. Біз өзіміздің ғимаратымызды көмек ретінде ешқандай төлемақысыз қарындасымызға бердік. Қабырғаға зиян бермейтіндей бір нәрсені ойлап, осы төменгі қабатта мешіттің асханасы толыққанды құрылыс біткенге дейін сол жерде тұра тұрсаңыз болады деп біз айттық. Бірақ уақытша", - дейді мешіттің бас имамы Бақытбек Тәжімбет.

Өскелең буынды мергендікке баулитын клубтың жағдайын спорт басқармасы да біліп отыр. Басқарма ұлттық спорт түрін насихаттап жүрген Аяулым Аппазованы жұмысқа қабылдау және облыстық ұлттық спорт мектебіне садақ ату сабақтарын енгізу мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.

З. Санай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1997708-bir-burysta-zattygady-qostanaida-sadaq-atatyn-sportsylar-mesitte-daiyndaluga-mazbur-bolgan/