Пара биатлоннан АҚШ-та өтіп жатқан әлем кубогінің финалдық кезеңінде қазақстандық Ербол Хамитов күміс жүлдегер атанды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы мәлімдеді.
Әлем кубогінің соңғы кезеңінде қазақстандық спортшы Ербол Хамитов пара биатлоннан 12,5 км қашықтықты 42 минут 17 секундта жүріп өтіп, күміс жүлдеге ие болды.
Жарыста украиндық спортшы Тарас Рад топ жарса, қола жүлдені оның отандасы Василь Кравчук иеленді.
"Әлем кубогының финалдық кезеңінде Ербол Хамитов 12,5 км-ді 42 минут, 17 секундта бағындырып, жарыс жолындағы 4 шеңбердің барлығында нысананы дәл көздеді. Ербол бірінші орынға ие болған украиндық спортшыдан шамамен 1 минутқа есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды", – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Айдын Анапин.
Айта кетсек, пара шаңғы мен пара биатлоннан әлем кубогінің финальдық кезеңі АҚШ-тың Солт-Лейк-Cити қаласындағы Солджер Холлоу шаңғы базасынды 1-9 наурыз аралығында өтуде. Қазақстан тарапынан жарысқа Ербол Хамитов пен Александр Герлиц қатысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2011930-bir-ayagy-zoq-sangysy-qazaqstanga-alemdik-synnyn-tagy-bir-medalin-syilady/