Қазақстандық жас теннисшілер 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe жарысының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясы.
Кристина Крученко Албанияда өткен турнирдің жекелей сынының финалында италиялық Дилетта Д'Амачионы 2:6, 6:4, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Ал жұптық сында Линара Бөлешевамен бірге доданың бірінші ракеткалары, италиялықтар Людовика Газалино – Дилетта Д'Амачиодан басым түсті – 6:3, 3:6, 13:11.
Сонымен қатар Испанияның Палманова қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында екінші санаттағы Тennis Еurope турнирінде Әмина Нұрмахан финалға дейін жетті.
Ол соңғы бәсекеде ғана бірінші ракетка, нидерландылық Пиппе Фенниске есе жіберді – 6:7, 5:7.
Өзбекстанның Учкун қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында ITF World Juniors Tour жарысы аяқталды. Мұнда жұптық сында бас жүлде үшін қазақстандықтар таласты.
Анастасия Крымкова мен Сәтима Төреген Іңкәр Дүйсебай – Әдемі Аманкелдіден 0:6, 6:1, 10:7 есебімен айласын асырып, чемпион атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2018025-qazaqstandyq-tennissiler-albaniyadagy-zarystyn-zenimpazy-atandy/