Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында теннистен әлем чемпионаты Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің ширек финалында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Тайбэймен кездеседі, деп хабарлайды Қазақстанның теннис федерациясы.
Қазақстан жасөспірімдері В тобында соңғы ойында Азиядағы мықты құрамалардың бірі – Жапониямен шеберлік байқасты. Қос құрама да күні бұрын ширек финалға жолдама алған-ды.
Қазақстандықтар тартысты матчта 0:2 есебімен есе жіберді. Ариана Гогулина 2,5 сағатқа созылған бәсекеде Ямомото Хикариге жол берді (6:3, 5:7, 3:6).
Полина Слепцова Шихо Тцуджиокиден ұтылды (6:7 (5:7), 4:6).
Бірінші партияда Полина 2:5 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестірді. Дегенмен тай-брейкте сәттілік жетіспеді.
Осылайша, жеребе қорытындысына сәйкес Ярослава Шведованың шәкірттері ширек финалда қытайлық Тайбэй құрамасымен ойнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2019267-tennisten-alem-cempionaty-qazaqstan-irikteu-turnirinin-sirek-finalynda-taibeimen-oinaidy/