Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанадағы Grand Slam жарысы: Қазақстан құрамасы командалық есепте нешінші орын алды

Жарияланған күні:

дзюдо
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Астана төріндегі "Барыс Аренада" дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік турнирі аяқталды. Қазақстан құрама командасы байрақты бәсекені 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен 42 елдің арасында жалпыкомандалық есепте 4 орынға ие болды, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясы.

"Керемет сезімдемін, өз елімізде өтіп жатқан байрақты жарыста алтынға қол жеткізу – маңдайыма жазылған бақыт шығар. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Голден скор сегіз минутқа созылса да, шаршағаным сезілмейді. Қарсыласыммен бір-біріміздің қыр-сырымызды біліп, әбден намысқа салып күрестік. Өз елімізде өтетін жарысқа психологиялық тұрғыда жақсы дайын болдым. Мені қолдаған барша қазақ еліне алғысым шексіз",- деді чемпион атанған Мағжан Шамшадин.

Үш күнге созылған әлемдік додада Қазақстан сапынан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мағжан Шамшадин чемпион атанып, Ғұсман Қырғызбаев (-66 келі) күміс жүлде еншілесе, Данияр Шамшаев (-73 келі), Асқар Нарқұлов (-73 келі), Ислам Бозбаев (-100 келі), Ғалымжан Қырықбай (+100 келі) және Ақерке Рамазанова (+78 келі) жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Ғалия Тынбаева (-48 келі), Жансай Смағұлов (-73 келі) пен Бекарыс Сәдуақас (-100 келі) кіші финалға дейін жетіп, 5 орынға тұрақтады.

"Qazaqstan barysy Grand Slam жарысы тәжірибелі және жас дзюдошылар үшін өте керемет алаң болды. Жарыс нәтижесіне қарап, біздің құрамада буын алмасып жатқанын және әртүрлі салмақтар арасында ел ішінде бәсекенің артып жатқанын байқауға болады. Жарыс өз жерімізде өтіп жатқандықтан әрқайсысында жауапкершілік жүгі екі есе болды. Кей дзюдошылар өз қателіктерінен медальға қол созым жерден тоқтаса, кейбіреулерінің баптары мен бақтары қатар шаппады.

Біздің спортшыларымызға қолдау білдіріп келген барлық жанкүйерлерге рахмет айтамын және біз әлі де сіздердің үміттеріңізді ақтау үшін көп еңбек ететін боламыз", - деді дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы әлемдік жарыстың ұйымдастырылуын халықаралық мамандар тарапынан жоғары бағаланғанын атап өтті.

"Qazaqstan barysy Grand Slam» жарысының ұйымдастырылуы Халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан жоғары бағаланып үлгерді. Мұнда тек спортшылар емес, дзюдо спортының айналасында жүрген әрбір менеджер тәжірибе алып үлгерді. Біз осы уақытқа дейін Азия және әлем чемпионаттарын, Гран-при және Masters жарыстарын, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізбенбіз. Енді тәжрибемізге әлемдік Grand Slam бәсекесі қосылды.

Әлемдік жарыс аяқталғаннан кейін біз бірнеше командамен бірге халықаралық оқу-жаттығу лагерін өткіземіз. Онда тек ұлттық құрама спортшылары емес, жастар құрамасының өкілдері де қатысып, шетелдік спортшылармен бірге жаттығу мүмкіндігіне ие болады.

Спортшылар мен бапкерлерге, демеушілеріміз бен серіктестерімізге, осы жарысты ұйымдастыруға атсалысқан әрбір спорт саласының қызметкерлеріне, менеджерлерге, медицина мамандарына, әрбір еріктілерге, осы жарыстың бас-қасында жүрген әрбір маманға бас иіп, алғысымды білдіремін. Барлығымыздың жұмыла жасаған жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Баршаңызға іске сәт!", - деді бас хатшы Асхат Жіткеев.  

Айта кетейік, Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген Qazaqstan barysy Grand Slam атауымен енген бұл жарысқа барлығы 42 елден 340 спортшы қатысты.

Бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінді. Атап айтқанда, 1 орын үшін 1000, 2 орын үшін – 700, ал 3 орын үшін – 500 ұпайдан берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2025354-astanadagy-grand-slam-zarysy-qazaqstan-quramasy-komandalyq-esepte-nesinsi-oryn-aldy/