Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Азия чемпионатына Қазақстандық спортшылар да қатысады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
3-10 ақпан аралығында өтетін Азия чемпионатында Қазақстаннан 7 атлет бақ сынайды.
Ерлер арасында Ақмолда Сайрамкез (67 кг), Әлібек Рақымберді (73 кг), Александр Уваров (81 кг), Сергей Петрович (96 кг) және Кирилл Староверкин (96 кг) ел намысын қорғамақ. Ал әйелдер арасында Айнұр Әбдіхалықова (49 кг) мен Арай Нұрлыбекова (81 кг) сынға түседі.
Осы жарыста Париж Олимпиадасына жолдама алуға мүмкіндік беретін ұпайлар сарапқа салынады.
Өзбекстанда ауыр атлетикадан Азия Чемпионаты ерлер арасында 52, әйелдер арасында 33-рет өткелі отыр. Осыған дейін аталмыш жарыс Ташкентте 2016 және 2021 жылдары болды.
2016 жылы Қазақстан ұлттық құрамасынан Денис Уланов (85 кг) алтын иеленген еді. Ал 2021 жылы еліміз 7 жүлдемен (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) жалпы есепте 4-орынға тұрақтаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2054969-aziya-cempionatynda-auyr-atletikadan-el-namysyn-zeti-sportsy-qorgaidy/