23-28 қаңтар аралығында Мысыр мемлекетінде өткен үстел теннисінен Fa40 ашық чемпионатында қазақстандық пара спортшылар 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спорт комитетінің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күміс жүлдені аралас жұп разрядында сынға түскен Талғат Эрекеев пен Алтынай Ержанқызы жеңіп алды. Ал қола жүлдені жұптық разрядтағы сайыста Али Махулбеков пен Талғат Эрекеев еншіледі.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара үстел теннисінен команда басшысы Ерлан Дусмаиловтың айтуынша, бұл жарыс Париж-2024 Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік бәсекелердің бірі болды.
"Біздің спортшыларымыз әрдайым өз шеберлігін шыңдап, көрсеткіштерін жаңартып отыру керек. Пара үстел теннисінде рейтингтерге ұпайлар Fa20 және Fa40 жарыстарында беріледі. Fа40-тың ерекшелігі рейтингке жоғары ұпайлар беріледі және жарысқа тек Fa20-да өнер көрсеткен спортшылар ғана қатыса алады. Жалпы жыл көлемінде Fa40 жарыстары 5 рет өтсе, Fa20 шамамен 20-25 рет өтеді", – деді команда басшысы.
Ерлан Дусмаиловтың сөзінше, наурыз айында Астанада тұңғыш рет рейтингтік Fа20 ашық чемпионаты өтпек. Оған 14 мемлекеттен 135 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2058078-qazaqstandyq-para-sportsylar-mysyrda-otken-turnirde-eki-zulde-ensiledi/