Нысана көздеуден Каирде (Мысыр) өтіп жатқан рейтингтік әлем кубогында қазақстандық мерген Никита Чирюкин күміс жүлде жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Никита Чирюкин 25 метрден тапаншамен жылдам нысана көздеуде үздіктер қатарынан көрінді. Ол 31 ұпай жинап, күміс жүлде еншіледі. Ал алтын медальді Оңтүстік Корея өкілі Сон Жун Хо (37 ұпай) жеңіп алса, қола жүлде германиялық мерген Флориан Петерге (27 ұпай) бұйырды.
Осылайша нысана көздеуден Қазақстан ұлттық құрамасы Мысырдағы әлем кубогында 4-медальді олжалады. Қазір ел қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде бар.
Айта кетейік, әлем кубогына 66 мемлекеттен жиналған 678 сұрмерген қатысып жатыр. Олар 10 жүлде жиынтығын сарапқа салуда.
Осыған дейін қазақстандық мергендер стенд атудан Азия чемпионатында 8 медаль жеңіп алған еді. Лицензиялық чемпионатта ел намысын 18 спортшы қорғады. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс, 4 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2058380-qazaqstandyq-mergen-alem-kubogynda-kumis-zulde-ielendi/