UFC промоушенінде өнер көрсететін файтер Шавкат Рахмонов Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы үш кездесуге қатысты пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Руслан Шаекиннің Youtube-тағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
UFC-дің жартылай орта салмақ рейтингінің 3-орнында тұрған қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов отандасы Головкин мен "Канело" арасындағы жекпе-жектерге қатысты пікірін айтты.
"Головкинді 2023 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының матчында көрдім. Бір-бірімізге сәттілік тіледік. Ол да қарағандылық. Әрине, құрметтейміз ғой. Гена – аңыз адам. Қазақстанның туын көтеріп жүр.
Головкин "Канелоға" қарсы үш кездесуінің біріншісінде жеңді, екіншісінде тең түсті. Ал үшінші жекпе-жекте жеңіліп қалды деп ойлаймын. Бірақ алғашқы жұдырықтасуында нақты жеңіске жеткені күмәнсіз. Десе де ондай деңгейде бокс тек бизнес. Кімнен қорқамыз. Сөз бостандығы бар ғой", – деді Шавкат Рахмонов.
Осыған дейін Шавкат Рахмонов Леонға қарсы жекпе-жектен бас тартқанын жазған едік. Алайда файтердің ресми өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2062609-kimnen-qorqamyz-savkat-raxmonov-otandasy-gennadii-golovkin-kanelodan-zenilip-qaldy-dep-esepteidi/