Биыл Парижде (Франция) жалауын түретін жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты тарихта алғаш рет стадионда өтпейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
26 шілдеде Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары басталады. Төрткүл дүние көз тігетін доданың ашылу салтанаты әдеттегідей стадионда емес, Сена өзенінде өтпек.
"Спортшылар қайық арқылы өзен бойымен шеру жасайды. Ал әрбір ұлттық делегацияға арналған қайықтар камералармен жабдықталады. Осылайша ашылу салтанатын теледидар арқылы немесе онлайн қарап отырған көрермендер шараны жақыннан көре алады.
10 500 спортшы шығыстан батысқа қарай жүріп, Париждің орталығын кесіп өтеді. Алты шақырымға созылатын шеру Трокадеро алдында аяқталады. Онда ашылу рәсімінің соңғы элементтері мен мерекелік шоулар өтеді", – делінген Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтында.
XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеден 11 тамызға дейін өтеді. Оған 206 ұлттық Олимпиада комитетінің командалары қатысады. Сондай-ақ 32 спорт түрінен 329 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Қазір Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 8 спорт түрінен 19 лицензиясы бар (садақ ату – 4, тас жолдағы велоспорт – 3, нысана көздеу – 5, қазіргі бессайыс – 2, бокс – 2, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2064873-olimpiada-oiyndarynyn-asylu-saltanaty-su-ustinde-otedi/