"Астана" футбол клубының шабуылшысы Рамазан Кәрімов Еуро-2024 турнирінің іріктеу ойындары алдында алған жарақаты туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Legalbet сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, Рамазан Кәрімов Қазақстан чемпионатындағы матчта жарақат алып қалған еді. Оның орнына "Елімайдың" шабуылшысы Иван Свиридов ұлттық құрамаға шақырту алған болатын.
"Иә, мен жарақат алып қалдым. Тізе буыным ісіп кетті. Ауыр жарақат емес. Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынына кеткенге дейін емделу үшін үйде қалдым. Грекия ұлттық құрамасына қарсы матчқа дейін жазылуға мүмкіндік бар деп ойладым. Алайда менің орныма Иван Свиридовты шақырып қойыпты. Өте өкінішті. Әлі дұрыс ұйықтай алмай жүрмін", – деді Рамазан Кәрімов.
Грекия мен Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы ойын 22 наурызда, Астана уақытымен 00:45-те өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2067384-ali-durys-uiyqtai-almai-zurmin-qazaqstan-quramasy-sapynan-sygyp-qalgan-futbolsy-sezimimen-bolisti/